Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 27 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 27 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы тәулікте өңір бойынша 8 өрт шыққан.

«Өскемендегі Чехов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерде тоңазытқыш өртенді. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар подъезден 27 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады. Өрттің шығуына – тоңазытқыштың апаттық режимі себеп болған», - делінген ақпаратта.

Семей қаласындағы жер үйде еденнің ағаш құрылымдары, жеке заттар мен жиһаз жанды. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 20 шаршы метрді құраған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.

«Үржар ауданындағы шаруа қожалығында 2 үйдің шатыры, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттарды жалын шарпыған. Оттың жалпы ауданы 100 шаршы метрге жетті.

Сондай-ақАлтай ауданында азық-түлік дүкеніне жапсарлас салынған гаражда 1997 жылғы «Toyota Hiace» маркалы автокөлік жанған. Өрттің шығуына – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болды. Дәл осындай себеппен Жарма ауданындағы тасжолда «КамАЗ» өртенді», - делінген мәліметте.