ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында өртенген көпқабатты үйден 10 адам құтқарылып, 12 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт 8 қазанда түнгі сағат 01.22-де Сәтбаев көшесіндегі бесқабатты тұрғын үйде шыққан.
- Төртінші қабаттағы пәтерде жиһаз, терезе блогы мен линолеум жанды. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер 10 адамды, оның ішінде 3 баланы құтқарып, түтін тұмшалаған подъезден 12 тұрғынды эвакуациялады. Көп ұзамай жалпы ауданы 8 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қызыл жалынның шығуына - отты абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.