ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында пәтерде розеткадан өрт шығып, зейнеткер мен екі бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 маусымда Промышленная көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Қызыл жалын жиһазды, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыған.
«Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері 2014 және 2011 жылғы екі бала мен олардың 1959 жылғы әжесіне алғашқы көмек көрсетіп, улану белгілерімен ауруханаға жеткізді. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 20 шаршы метр аумақты жандырған тілсіз жауды толықтай ауыздықтады», - делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, өрт розеткадан шыққан. Бұған электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болып отыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.