Өскеменде полицейді көлікпен қағып өлтірген әйел бостандыққа шығуы мүмкін
Екі жылға сотталған ол, ендігіде жазасының қалған мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұрап отыр. Сот айыпкердің өтінімін қанағаттандырды және жақын арада әйел колониядан шығуы мүмкін, деп хабарлады ҚазАқпарат YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, жол-көлік апаты желтоқсанның 26-нан 27-іне қараған түні Күленов ауылында болған еді. Тергеудің анықтауынша, «КШТ» мейрамханасындағы корпоративті кештен шыққан Б.Бақытжанова мас күйінде «Ниссан Мурано» көлігіне отырып, өзінің танысы Мирхат Отчегаровты қағып кетті. Автоледи оқиға орнынан бой тасалады, ал зардап шегуші алған жарақаттан көз жұмды.
15 сәуірде №2 Өскемен соты Ботагөз Бақытжанованы қоныстану колониясына екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті және зардап шегуші тараптың моральдық шығын ретінде 3 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық талабын қанағаттандырды. Қаза тапқан полицейдің туыстары шығарылған шешіммен келіспей, ШҚО облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді.
Жарты жыл өтпей жатып, 23 қыркүйек күні Бақытжанова қоныстану колониясында өтеп жатқан мерзімін жеңілірек жазаға ауыстыру туралы өтінім жазды.
Сотталушының жағымды мінездемесін негізге ала отырып, сот ол жазаны толық көлемде өтеуді қажет етпейді деген ұйғарым шығарды.
«Сотталушының өтінішхаты қанағаттандырылсын, жазаның өтелмеген бөлігі 271 488 теңге көлеміндегі айыппұлға (Өтелмеген жазаның әр 4 күніне 1 АЕК - ред.) ауыстырылсын», - деген шешім шығарды.