Өскеменде полицейді өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ауруханада жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында полиция қызметкерін өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ауруханада емделіп жатыр.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам мамандандырылған медициналық орталықта емделіп жатыр.

– Науқас нейрохирургия бөлімшесінде қажетті ем қабылдауда. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Алдағы күндері оны ауруханадан шығарады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұған дейін күдіктінің туыстары әлеуметтік желіде ер адамның ұсталғаннан кейін соққыға жығылғаны туралы мәлімдемелер жариялаған болатын. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті. Алайда бұл мәлімдемелер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Kazinform редакциясы күдіктінің туыстарының мәлімдемесіне қатысты түсініктеме алу үшін төрт күн бұрын ШҚО Полиция департаментіне ресми сауал жолдаған. Бірақ әлі жауап келген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласында полиция қызметкерін өлтіріп кеткені хабарланған.