Өскеменде пойыз бен автобус соқтығыса жаздады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында полицейлер мен тұрғындар пойыз рельсінде тұрып қалған автобусты шығарып үлгерді.
Оқиға қаладағы теміржол өткелдерінің бірінде болды. Жолаушылар мінген автобус рельстің үстінде тұрып қалған. Алыстан келе жатқан пойыз да көрінді.
Сол кезде тәртіп сақшылары Тимур Әбдірахманов пен Раджан Базарбекұлы дереу көмекке ұмтылған. Маңайдағы халық та қарап қалмады.
- Полицейлер мен тұрғындар автобусты тезірек рельстен шығаруға тырысты. Олар әр секундтың маңызды екенін түсініп, жедел әрекет етті. Осылайша, апаттың алдын алып, пойыз жақындағаннан бірнеше минут бұрын автобус рельстен шығарылды, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда тротуарда кетіп бара жатқан екі адамды көлік қағып кеткені хабарланған.