Өскеменде ірі көлемде психотроптық заттар саудалаған екі адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ірі көлемде психотроптық заттар саудасымен айналысқан екі адам ұсталды.

Фото: ШҚО ПД

ШҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен екі жігітті ұстады.

— Ұсталғандардың бірі шілде айында интернет арқылы жұмыс тапқан. Ол тыйым салынған заттарды алып, оларды өлшеп, буып-түюмен байланысты болған. Сол үшін оған криптовалюта түрінде ақы төленіп, кейін оны банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Тінту барысында полицейлер төрт пластик ыдыс пен ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакетті, изолента және үш электронды таразыны тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, шамамен 800 грамм α-PVP және 334 грамм мефедрон анықталған. Психотроптық заттардың жалпы салмағы 1 келіден асты.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда жүзу жаттықтырушысы есірткі айналымына қатысы бар деген күдікке іліккені хабарланған.