Өскеменде ірі көлемдегі марихуана сатпақ болған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында полицейлер есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды.

Фото: polisia.kz

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген азамат ұсталып, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі марихуана тәркіленді. Нәтижесінде өңір аумағында есірткі заттарының таралу арнасы тоқтатылды. 

«Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық шарасы аясында полиция қызметкерлеріне есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі туралы ақпарат келіп түскен. Жедел уәкілдердің бақылауымен күдікті сатушымен хат алмасу жүргізіліп, есірткі сатып алу жөнінде келісім жасалды.

Тыйым салынған затты беру кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ол Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тұрғылықты жерін тінту және тексеру барысында полицейлер бірнеше ірі көлемдегі есірткі заттарын тапқан. Олар полимер пакеттерге салынып, әрі қарай таратуға дайындалғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 2,8 келіден асты.

Сонымен қатар полицейлермен бір миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткінің заңсыз айналымы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Айта кетелік есірткіден түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылған еді