Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақ ашылып, батырға ескерткіш орнатылды.
«Мұндағы мақсат - ұлт қаһарманының есімін ел жадынан өшірмеу. Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі түрлі қиындықтарға қарамастан, еліміздің қарулы күштерінің техникалық базасының іргетасын қалады. Бұл саябақтың қаланың тағы бір көрікті жеріне айналатыны сөзсіз», -деді ашылу салтанатында шаһар басшысы Жақсылық Омар.
Оның айтуынша, саябақтың жалпы ауданы – 1,5 гектар. Қақ ортасында гранит тастан Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші тұғырға қонған. Мүсіннің биіктігі 3,6 метр, тұғыры 4,8 метр.
Саябақта отбасылық демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Төрт субұрқақ іске қосылды. Барлығы 7 мүсіндік инсталляция, 48 құмыралы гүл орнатылып, 200-ден астам ағаш отырғызылған.
Фотосуреттерді түсірген – Тілеубек Шаяхмет