Өскеменде сапасына халық жиі шағымданатын Ертіс көпірінде жөндеу жұмыстары басталады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 1 маусымнан бастап Ертіс көпірінде жөндеу жұмыстары басталмақ. Жұмыстар кезең-кезеңімен жібек маталар комбинаты шағын ауданы жағынан қала бағытына қарай жүзеге асырылмақ.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігі

Жөндеу жұмыстары кезеңінде көлік қозғалысының схемасы өзгереді. Нақты айтқанда, қозғалыс жолақтарының екеуі кезекпен жабылып отырады.

Автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздықты барынша азайту мақсатында уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылмақ. Әр бағыт бойынша үш жолақтан қозғалыс қамтамасыз етіледі. Қозғалыс көлік ағынының жүктемесіне қарай реттеледі және учаскеде уақытша жол белгілері мен қоршаулар орнатылады.

- Жүргізушілерден бағыттарын алдын ала жоспарлауды, жылдамдық режимін сақтауды және уақытша жол таңбалары талаптарын қатаң ұстануды сұраймыз. Жөндеу жұмыстары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көпірдің жай-күйін жақсарту мақсатында жүргізіледі, - деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінен.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Ертіс көпірі күрделі жөндеу алдында кешенді тексеруден өтетіні хабарланған.