Тәртіп сақшылары «Нелегал-2026» жедел алдын алу шарасы барысында көршілес мемлекеттің 46 жастағы азаматы басқарған Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатқан.
- Тексеру барысында ер адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар екені анықталды. Сонымен қатар оның басқаруындағы көлік құралына қатысты 59 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдың төленбегені белгілі болды, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Берешектің жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асады. Құқық бұзушылықтар биылғы жылдың 25 мамыры мен 1 қазаны аралығында жасалған.
Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда көлікке қосымша жанармай багын орнатқан 537 көлік анықталғаны хабарланған.