Өскеменде шырша жағылып, Аяз аталар шеруі өтті

Фото: Видеодан скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде жаңа жылдық мерекелер ресми түрде Аяз аталар шеруі және Шығыс Қазақстан облысының бас шыршасын жағуымен басталды.

«Аяз ата, Ақшақар — 2025» фестивалінің эстафетасын облыс орталығы қабылдады. Мерекелік шаралар Аяз ата резиденциясы ашылған сол жағалаудан басталды. Мұнда балалар өздерінің жаңа жылдық тілектері жазылған хаттарды қалдырды. Қыстың бас сиқыршысы хаттардың алғашқы легін ашты.

— Біз үшін Жаңа жыл тек шамдар мен концерттерден ғана емес, сондай-ақ ғажайыптарға деген балалық сеніммен басталуы керек. Аяз Ата резиденциясы — дәл осы қуанышпен мерекені күту, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Өңірдегі мереке Республика алаңында жалғасты. Шығыс Қазақстан облысының әр ауданынан келген Аяз ата мен Ақшақарлар орталық алаңнан шеруге шықты. Әрбір колоннаның өзіндік ерекшелігі болды, алайда олардың барлығын мерекенің жақындап қалғанын ұғындыратын сезім байланыстырды.

Шығыс Қазақстан облысының бас шыршасын Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов балалармен бірге жақты.

— Биылғы жыл әрбір үйге жылулық, денсаулық және болашаққа деген сенімділік әкелсін. Біз мерекені қала орталығынан бастап, шеткі аудандарға дейін барлық қала тұрғындарына қолжетімді ету үшін күш салдық, — деді қала әкімі.

Бас шырша шамы жағылғаннан кейін алаңда концерттік және ойын-сауық бағдарламасы басталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Өскемендегі жаңа жылдық іс-шаралар жалғаса бермек. Негізгі шара 31 желтоқсан күні сағат 21:00–де орталық алаңда өтеді. Ал қаланың әр ауданында қосымша бағдарламалар ұйымдастырылады.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстан өңірлерінде жаңажылдық шырша бағасы қанша тұратыны туралы жаздық.