Өскеменде спиртті аса ірі көлемде заңсыз жеткізумен айналысқан топтың жолы кесілді

Фото: Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында спиртті аса ірі көлемде заңсыз жеткізумен айналысқан топтың жолы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында және одан тыс жерлерде спиртті аса ірі мөлшерде заңсыз жеткізіп, сатумен айналысқандардың жолын кесті.

«Қала көшелерінің біріндегі өндірістік үй-жайда 3 адам ұсталды. Олардың бірі 24, екеуі 29 жаста. Іштен көлемі 1000 литр болатын 10 пластик ыдыс, ерекше иісі бар мөлдір түсті зат құйылған пластик канистрлер және спирт өндіруге арналған 2 электр насос тәркіленді. Өндіріс бөлмесінде алынған спирттің жалпы көлемі шамамен 4000 литрді құрады», - делінген ақпаратта.


Ары қарай жедел іс-шараларды жүргізу барысында қаладағы жанармай құю стансасының бірінің тұрағында «Volvo» маркалы жүк көлігі табылды. Өндірістік базаның аумағына спирт осы көлікпен жеткізіліп отырған.

Автокөлікті тексеру барысында көлемі 1000 литр болатын тағы 11 пластик ыдыс тәркіленді. Оның 7-уінде ерекше иісі бар мөлдір түсті зат болған. Алынған спирттің жалпы көлемі – 11000 литр.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігіне (заңсыз кәсіпкерлік) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.