Өскеменде суға батып бара жатқан әйел құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында суға батып бара жатқан әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалған.

«102» жедел арнасына хабарласқан азамат әйел адамның Үлбі өзеніне батып бара жатқанын жеткізді. Оқиға орнына келген Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Жандос Есіркепов жағалаудан 3 метр қашықтықтағы жұқа мұз астына құлап кеткен әйелді көріп, көмекке ұмтылған. Құтқару шеңберін лақтырып, әріптесі Мейірхан Рақышевпен бірге оны судан алып шықты», - делінген ақпаратта.

Көп ұзамай сол жерге ТЖД мамандандырылған жасағының құтқарушылары келіп, әйелді автокөлікке жеткізіп, оған жылы киім мен аяқ киім берген. Содан кейін зардап шегуші жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.