Өскеменде тағы да ауа сапасы нашарлайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында тағы да қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасты.
Өскеменде 20 қарашада басталған қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) 2 желтоқсанға дейін созылған еді. Сол уақытта қала ішін түтін тұмшалап алған. Халық тамағы күйіп, басы ауырып, жүрегі айнып, дем алу қиындап кеткеніне шағымданып жатты. Ал желтоқсан айында желсіз күндер азайып кетті.
Десе де бүгін 18.00-ден бастап қайтадан қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып отыр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, ол 18 желтоқсан сағат 20.00-ге дейін жалғасады.
Тұрғындарға ҚМЖ кезінде далада көп жүрмеуге кеңес берілді. ШҚО Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жауып отыру, қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішу, ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю ұсынылады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде экология саласына бөлінетін қаражат көлемі өсетіні хабарланған.