ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында тамыз айының басында трамвайлар уақытша қатынамайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өскемен қалалық көлік компаниясы» ЖШС мәліметіне сүйенсек, тамыз айының басында қалаға рельстердің жаңа партиясы жеткізілмек. Сол кезде ескі трамвай жолдарын ауыстыру жұмыстары басталып, қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтайды.
«Барлық жұмыстарды 5 күн ішінде аяқтауға тырысамыз. Содан кейін қозғалыс қайта жанданады», - дейді компания директоры Михаил Чайка.
Айта кетейік, күн сайын Өскеменде трамвайлармен 13 мыңға жуық адам қатынайды. Трамвай желілері 40 жылдың ішінде бірінші рет жаңартылып жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.