Өткен сенбіден бері өскемендіктердің мазасын мезгілсіз жауған қалың қар алып тұр. Қала көшелерінің тазалығына жауапты «Өскемен тәртіп» мекемесінің директоры Тамара Рахымжанованың айтуынша сенбіден бері жол тазалаушылар тәуліктік жұмыс кестесіне көшіпті.
«Көктемде жауған қар ылғалды келеді. Оның үстіне ауа температурасы да жылы. Осының салдарынан қар бірден мұзға айналып, жолдар төмпешікке толып кетті. Оны тек грейдер алады. Кешегі түннен бері қала көшелерінде 118 техника жұмыс істеп жүр. Бүгін кешке олардың қатарын 17 грейдер толықтырмақ. Бір түннің ішінде 7,1 сантиметр қар түсті. Жеті мердігер компанияның барлығы жұмысқа тартылды. Тек «Өскемен тәртіп мекемесінің» камаздары түн сайын 1,5 мың шаршы метр қар шығаруда. Өткен жылдары бір түнде 600-700 текше метр қар таситынбыз. Осыдан-ақ мезгілсіз түскен қардың қаншалық әлек салғанын аңғаруға болады», - дейді Тамара Рахымжанова.
Оның тайтуынша, көліктердің кедергісіз жүруі үшін екі тәулік уақыт керек. Ал осыған дейін түскен қарды сыртқа шығару үшін әлі 1,5 апта қажет.
«Жер тоңының тереңдігі де қиындық туғызуда. Ери жауған қар жерге сіңе алмай мұз боп қатып жатыр», - дейді мекеме директоры.
«Қазгидромет» болжамдары да көңіл көншітпей отыр. Облыс бойынша алдағы екі күнге дабылды ескерту жарияланды. Мекеменің мәліметіне сүйенсек, 6-7 наурызда облыс бойынша қар аралас жаңбыр үдейді. Күндіз көшелерде көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 28-30 м/с-ке дейін жетеді деп күтілуде. 7 наурызда ауа температурасы плюс 3-8 градусқа дейін жылынуы мүмкін.