Өскеменде тойдан кейін уланғандардың саны 54-ке жетті, оның ішінде 4 бала бар
Айта кетсек, сенбі күні кешқұрым қала ауруханаларына жүректері айныған, лоқсып құсқан, ыстығы көтерілген тұрғындар келе бастаған. Жексенбіде түске дейін 27 адам ауруханаға жатқызылса, кеш батысымен олардың саны 54-ке жетті.
Дәрігерлер науқастарға «гастроэтероколит» диагнозын қойып отыр.
Ауруханаға түскен адамдардың жағдайы орташа. Олардың барлығына кәсіби медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу барысында ауруханаға жүгінген тұрғындардың салат жегендіктері анықталып отыр.
Әдетте, қазіргі дәстүрге сәйкес дастархандағы тағамдар көршілерге, туған-туыстарға сарқыт түрінде полиэтилен қапшықтарға салынып беріледі. Ал бұл жолы базарлық тоңазытқышқа салынбай сақталған.
Дәмхана қызметкерлерінің айтуынша, үйлену тойы кешкі сағат 17.00-ге белгіленген. Бірақ меймандар тек үш сағаттан кейін ғана дастархан басына жайғасты. Яғни, салатты жеу денсаулыққа қауіпті бола бастаған.