ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Таза Өскемен» кәсіпорнының көшеге көктайғаққа қарсы шашатын қоспасына тексеру жүргізілді.
Анықталғандай, олар техникалық тұз бен құмды қосып пайдаланған. Экологиялық кодекстің 238-бабына сәйкес, тыйым тек ас тұзына қатысты салынған. Оның үстіне бұл тұз техникалық тұзға қарағанда қымбатырақ. Сондықтан Өскеменде көшеге ас тұзын септі деген қисынға да келмейді.
«С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың зертханасында жүргізілген сынақтардың нәтижесі көрсеткендей, коммуналдық мекеме қолданған тұзда натрий хлоридінің массалық үлесі 95,84 пайызды құрады. Демек, кәсіпорынның көктайғаққа қарсы материал дайындауға пайдаланатын тұзы – техникалық», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін әлеуметтік желіде Өскемен тұрғындарының шағымы тарағанын, онда коммуналдық қызметтердің қала көшелеріне шашатын реагенттерінен аяқ киім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқаны жазылғанын хабарлаған едік.