ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Әуезов даңғылында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының бірі өртенген.
«Белгілі болғандай, тілсіз жау дәмханадағы пештен шыққан. Осының салдарынан 2-6 қабат аралығын түтін тұмшалады. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен құтқарушылар 110 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 70 адам дәмханаға келуші болса, 40-ы сол жерде жұмыс істейтіндер», - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің дерегінше, қызыл жалын шарпыған жалпы аумақ 6 шаршы метрді құрады. Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілген. Зардап шеккен ешкім жоқ.