Бір аптаға созылатын жарыста Қазақстанның, сонымен қатар АҚШ, Беларусь, Израиль, Литва, Өзбекстан, Польша, Ресей, Сербия, Швеция сияқты 10-ға жуық елдің кәсіпқой теннисшілері бақ сынайтын болады. Араларында теннис сүйер қауымға есімдері жақсы таныс ракеткалар да бар. Мәселен, тәжірибелі ресейлік теннисші Константин Кравчук «Челленджер» сериясы аясындағы үш турнирде топ жарып, кезінде әлемнің үздік 100 ойыншысы қатарына енген-ді. Сол сияқты израильдік Эдан Лешем мен ресейлік Богдан Бобров та біршама жетістікке жетіп үлгерген ракеткалар саналады. Өскемендегі турнирде дәл осындай сақа спортшыларға біздің елдің теннисшілері де қарсылас атанбақ.
Белгілі болғандай, турнир алдында жарыс кездесулері өтетін «Smash» теннис орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мұндағы корттардың жабындысы жаңаланған.
Өскемендегі теннис корттарының сапасына шетелдік спортшылар да жоғары баға беруде. Соладың бірі – швециялық Никлас Йоханссон.
«Шыны керек, бұған дейін Өскемен қаласы жайында естіп көрмеппін. Бүгін алыстағы Қазақстанның бір түкпірінде де осындай керемет теннис орталығы, заманауи корттар бар екенін көріп, таңданысымды жасыра алмай отырмын. Мұндай жерде ойнаудың өзі бір ғанибет», – дейді шетелдік теннисші.
Жарыстарға кіріп, тамашалау – тегін. Теннис додасы 31 тамызға дейін жалғасады.