Өскеменде велосипед теуіп келе жатқан 6 жасөспірімді көлік қақты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында велосипед теуіп келе жатқан бір топ жасөспірімді көлік қағып кетті.

Фото: Видеодан алынған скрин

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға қаладағы Ертіс көпірінде болған. 

- Toyota Avensis маркалы автокөліктің жүргізушісі жолақты ауыстырғанда маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбей бір топ велосипедшіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған 6 адам зардап шекті, - делінген ақпаратта. 

Қазіргі уақытта 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер ауруханаға жеткізілген. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Ертіс көпірі күрделі жөндеу алдында кешенді тексеруден өтетіндігі хабарланған.