18:21, 15 Маусым 2009
Өскеменде волейболдан әйелдер арасында 2010 жылғы Әлем чемпионатының біліктілік турының 2-ші кезеңі өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өскеменде маусымның 16-18 күндері волейболдан әйелдер арасында 2010 жылғы Әлем чемпионатының біліктілік турының 2-ші кезең ойындары өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шығыс Қазақстанның орталық Спорт сарайында болатын бұл сайыс В тобында өнер көрсететін Қазақстан, Жаңа Зеландия, Өзбекстан құрамалары арасында өтеді. Нелли Щербакова жаттықтыратын қазақстандықтар алғашқы ойынды жаңазеландиялықтармен өткізеді. Ал келесі кездесу өзбекстандықтармен болады. Сында ел намысын Сана Жарылғасова, Ксения Иманғалиева, Наталья Жукова, Ольга Карпова, Юлия Куцко, Ольга Наседкина, Коринна Ишимцева, Ксения Илющенко, Елена Эзау, Ольга Грушко, Инна Матвеева, Ирина Зайцева қорғайды. Бұл турнирге қатысқан командалардың бәрі 3-ші кезең ойындарына қатысады. Мәселен бұл сайыста бірінші және үшінші орын алған командалар Е тобында, екінші орын алған Д тобында өнер көрсетеді. Қазір Тайландта С тобындағы командалардың екінші кезең ойындары өтіп жатыр. Онда алаң иелерінен бөлек Тайпей, Бангладеш және Фиджи құрамалары бақ сынауда. Әлем чемпионатының ақтық ойындары 2010 жылы қазанның 24-і мен қарашаның 14-і аралығында Жапонияда өтеді.