ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары мәресіне жетті.
Өскеменнің "Берел" командасы барлық кездесуін жеңіспен тәмамдап, 19 ұпаймен бірінші орынға шықты.
Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері соңғы ойынында "Ақтөбені" 3:0 (25:12, 25:15, 25:13) есебімен ойсырата ұтты.
Суперкубокты ұтып алып, чемпионатты сәтті бастаған "Жетісу" (Талдықорған) командасының да қоржынында 19 ұпай бар. Бірақ олар өзара кездесуде "Берелден" ұтылғандықтан, екінші сатыға орналасты.
Ел чемпионы "Тұран" (Түркістан) бүгін Павлодардың "Ертісін" 3:0 (25:18, 25:10, 25:21) есебімен жеңгенімен, 13 ұпай жинап, әзірге 5-орыннан жоғары көтеріле алмады.
Екінші тур ойындары да алдағы желтоқсан айында Өскеменде өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын "Грация KZ" командасының "Ару-Астананы" ұтып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).