Өскеменде жаңа ЖЭО салынатын болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жылу энергиясына қажеттілік 1232 Гкал/сағатты құрайды.
Өскеменде жаңа ЖЭО құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлімдеді.
«Жаңа ЖЭО құрылысының жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынды. Бұл жобаны іске асыру жылу қуатының тапшылығын жоюға және қаланы одан әрі дамыту үшін қажетті резерв құруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні жылу энергиясына қажеттілік 1232 Гкал/сағатты құрайды», - деді ол.
Бұдан бөлек Өскеменде жылу энергиясының тапшылығын қысқарту мақсатында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның №2 қазандығын кеңейту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірленуде. Бұл жоба жылу көзінің қуатын 100 Гкал/сағатқа ұлғайтуды көздейді.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС және Энергетика министрлігі жылу қуаты 130 Гкал/сағат болатын №16 қазандық агрегатын салуға бағытталған инвестициялық келісім жасасты. Сонымен қатар өңірде жаңартылған энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы қуаты 58,3 МВт болатын 4 су электр станциясын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданында 2027 жылға дейін 1,4 МВт, Алтай ауданында 2029 жылға дейін 50 МВт және Зайсан ауданында 2029 жылға дейін 6,9 МВт», - деді Нұрлан Рамазанов.