ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы жанармай құю станциясы маңында жарылыс болды. Соның салдарынан 42 жастағы ер адам көз жұмып, бір баланың денесін күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 28 шілде күні сағат 08.52-де Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан ЖҚС аумағында болған.
«Жанармай құюға арналған бөшкелерді тазалау кезінде ауа қосындысы жарылды. Соның салдарынан 12 жастағы жеткіншектің денесін термиялық күйік шалды. Қазіргі уақытта ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына шұғыл келген ТЖД құтқарушылары бөшке ішінен 42 жастағы ер адамның денесін алып шықты», - делінген ақпаратта.
Алдын ала мәлімет бойынша ол резервуарды тазалаған. Оған 12 жастағы туысы көмектескен. Жазатайым оқиғаның себебі анықталуда.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.