Өскеменде жарты млн теңгенің техникасын ұрлаған адам қамауға алынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны жарты миллион теңгенің техникасын ұрлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына қоңырау шалған 31 жастағы ер адам қаладағы сауда үйлерінің бірінің астыңғы қабатында орналасқан жалға алынған үй-жайдан белгісіз біреулердің жүйелік процессор мен компьютер пернетақтасын ұрлап кеткенін хабарлады.

Осылайша келген материалдық шығынның жалпы мөлшері 454 500 теңгені құраған.

«Жедел іздестіру шараларын жүргізген криминалдық полиция қызметкерлері 25 жастағы шаһар тұрғынын ұстады. Ол өз кінәсін мойындап отыр»,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.