Өскеменде Жас құтқарушылардың мектебі жұмыс істей бастады

None
ӨСКЕМЕН. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Өскеменде Жас құтқарушылардың мектебі жұмыс істей бастады, онда бүгінде 30-дан астам бала қауіпсіздік негіздерін оқып-үйренуде. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Суда құтқару қызметінің базасында ашылған мектепке келген балалар бүгін бірінші сабаққа қатысты.

Мұнда жас құтқарушыларға суға кеткендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, қайықты есу, құтқару шеңберімен жұмыс істеу, судағы және мұздағы іс-қимылдардың ережелері, тағы басқа дағдылар үйретілетін болады. Балаларға тәжірибелік көмек көрсету дағдыларын үйрету идеясына қалалық төтенше жағдайлар қызметі, «Өскемен қалалық әкімдігінің жанындағы «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубтарының бірлестігі» МКҚК, қалалық білім бөлімі ұйытқы болып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметінен хабарлағандай, алдағы уақытта балалардың спорттық дайындықтарын шыңдау, оларды төтенше жағдайда жұмыс істеудің дағдыларына, теорияларына үйрету жоспарланып отыр.