Өскеменде жедел жәрдем қызметкерлері жол апатына түсті

Фото: Жол апаты куәгерлерінен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жол апатына түскен жедел жәрдем қызметкерлері жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы қаладағы Назарбаев даңғылында болған.

«Lada 21144 көлігінің жүргізушісі дымқыл асфальттан рульге ие бола алмай қалып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол жедел жәрдем көлігіне соғылды», - делінген ақпаратта.

Полиция қызметкерлері жеңіл көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан зардап шеккен жедел жәрдем қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетілген.