ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін «102» жедел арнасына қоңырау шалған әйел баласының жоғалғанын айтты. Өз сөзінде ол Виноградов көшесіндегі жұмыс орнына алып келген қызының сыртқа шығып із-түзсіз кеткенін жеткізген.
«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларына кірісті. Патрульдік полицейлер Нұржан Ілиясов пен Вячеслав Письяуков көп ұзамай бүлдіршінді тапты. Анықталғандай, балабақша тәрбиешісі аулада жалғыз отырған қызды байқап қалып, ертіп әкеткен. Баланың ата-анасы табылғанша оны мектепке дейінгі мекемедегі өз тобына қоса тұрған. Барлық балабақшаны тексеріп шыққан полиция қызметкерлері жоғалған баланың қайда екенін анықтады», - делінген хабарламада.
Әйел адам өз кезегінде жылдам әрекет еткен құқық қорғау органының қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.