Өскеменде жоғалған зейнеткер дронның көмегімен табылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында жоғалып кеткен 71 жастағы зейнеткер дронның көмегімен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
- 12 шілде күні зейнеткердің үйінен шығып кеткені жөнінде хабарлама түскен. Бірнеше сағаттан кейін оның немересі полицияға жүгініп, әжесінің жоғалғанын жеткізген. Бұған дейін туыстары өз беттерінше іздегенімен, нәтиже болмаған, - деп жазды басқармадан.
Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Іздеу жұмысына дрон тартылып, әуе арқылы шолу жүргізілді. Дрон операторы түсірілген бейнекадрлар арқылы патрульдік топтарға нақты координаттарды жеткізіп отырған.
- Нәтижесінде 13 шілде күні түнгі сағат 01:00 шамасында зейнеткер қалың шөптің арасында жүрген жерінен аман-есен табылды. Ол адасып кеткенін және үйге қайтар жолды таба алмағанын айтқан, - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта әйелдің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.
Айта кетейік, іздеу жарияланған адамдарды жасанды интеллект анықтап жатыр.