Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20 қаңтарда полицейлерге 34 жастағы әйел адам жүгінді.
Өз сөзінде ол кәмелетке толмаған ұлының жоғалып кеткендігін жеткізген.
«Әйел сағат 14:00 шамасында үйден аулаға серуендеуге кеткен ұлының сол күйі оралмай, бірнеше сағат бойы хабар-ошарсыз екендігін айтты. Дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілген. Іздестіру шаралары барысында жоғалған оқушының жүрген жері анықталды. Белгілі болғандай, 12 жасар жеткіншек анасына ренжіп, үйден кетіп қалған. Полиция қызметкерлері баланы қаладағы сауда үйлерінің бірінен тапты», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Қазіргі уақытта бала анасына жеткізілді. Өз кезегінде әйел ұлын іздеуге қатысқан тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.