Өскеменде жоғалып кеткен жауынгер табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі Өскемендегі әскери бөлімдердің бірінен әскери қызметшінің жоғалып кетуіне байланысты ресми түсініктеме берді.

Ведомство ақпаратына қарағанда, демалғысы келген келісімшарт жауынгері өз бетінше қызметтік орнын тастап кетіп қалған.

«Бүгін 12 наурыз күні сағат шамамен 13-00-де Алматы өңірлік гарнизоны әскери полициясының жедел тобы Алматы қаласындағы Сайран автобекеті маңынан осы уақытқа да дейін қызметіне келмей жоғалды деп саналып келген келісімшарт ефрейторы Дәулет Орынбаевты ұстады», - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, ол 1 наурыздан бері осы уақытқа дейін Алматы қаласында болған.

«Орынбаев уақытын өз қалауынша өткізген. Әскери қызметшінің дені сау, ол өзінің бұл қадамға демалғысы келген соң барғанын айтуда. Бүгінгі таңда аталған факті бойынша сот алды тергеудің бірыңғай тізбесіне қылмыстық іс тіркелген. Өскемен әскери полициясы бөлімді өз еркімен қалдырып кету фактісі бойынша тергеу жүргізуде», - делінген хабарламада.