Өскеменде жол апаты 17%-ға азайды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жол-көлік оқиғалары 17%-ға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында көлік саласын цифрландыру мәселесі сөз болды. Қазіргі таңда бейнетіркеу жүйесі өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, биыл Өскеменде жол-көлік оқиғаларының саны 17%-ға төмендеген.

«Осы жылдың басынан бері 6 мыңнан астам әкімшілік және 88 қылмыстық іс уақтылы ашылды. Риддер мен Алтай қалаларында «Сергек» жүйесін орнату үшін тиісті жобалар әзірленді. Бұл екі шаһарда 560-қа жуық камера орнатылады», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сондай-ақ соңғы 2 айда автобустар мен трамвайларда мобильді қосымша және карталар арқылы жол жүру ақысын төлегендер үлесі 72%-ды құрады.

«Осылайша, біз тасымалдаушылар қызметінің ашықтығын және осы саланы субсидиялаудың нақты деңгейін көріп отырмыз. Алдағы уақытта да көлік саласын цифрландыру жұмыстары жалғасын таппақ», - деді аймақ басшысы.