Өскеменде жолаушылар автобусынан өрт шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде қозғалыс үстіндегі жолаушылар автобусынан өрт шықты. Оқиға бүгін таңертең Әуезов даңғылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жалын аз уақытта ауыздықталған.

King Long маркалы автобус Үлбі көпіріне қарай Әуезов - Жеңіс даңғылдарының қиылысы тұсында келе жатқан. Кенеттен түтін шыға бастаған. Жүргізуші көлікті тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялады.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер қауіпті жойды. ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, тілсіз жау 0,5 шаршы метрді шарпыған. Өрт автобустың аккумулятор бөлігінен шыққаны анықталды.