Өскеменде жолы шұрық тесік Ертіс көпірінде жөндеу жұмыстары басталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында халық жаппай шағымданған Ертіс көпіріндегі шұңқырларды жамау жұмыстары басталды.

Фото: Берік Уәлидің Facebook парақшасынан

Қаладағы Ертіс көпірінде жол жабынын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Негізгі мақсат - ең көп зақымданған учаскелерді қалпына келтіріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру.

Қазіргі уақытта мамандар шұңқырларды жамап жатыр. Алдымен жол жабыны қатты тозған бөліктер ретке келтіріледі. Жұмыстар кезең-кезеңімен, қозғалысты толық шектемеу үшін негізінен түнгі уақытта жүргізіліп жатыр.

Қала әкімдігі бұл шаралардың уақытша сипатта екенін мәлім етті.

- Бүгінде Ертіс көпірінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жол жабынының қауіпсіз жағдайын сақтау үшін қажет. Күрделі жөндеу жұмыстарын оқу жылы аяқталғаннан кейін бастау жоспарланып отыр, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, күрделі жөндеу кезінде жол жабынын тереңірек жаңарту көзделіп отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Ертіс көпірі күрделі жөндеу алдында кешенді тексеруден өтетіндігі жайлы жазғанбыз.