ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жүріп келе жатқан көліктен өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін сағат 07.00 шамасында болған. Жібек жолы көшесі мен Сәтпаев даңғылының қиылысында келе жатқан 1997 жылғы «Subaru Legacy» маркалы автокөлік отқа оранды.
«Өрт көліктің қозғалтқыш бөлігінен шыққан. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осыған дейін елорда маңындағы Қосшы елді мекенінде жолаушылар автобусы өртенгенін жазған болатынбыз.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.