Өскеменде зираттарды бүлдірген екі адамды сот 4 жылға соттады

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында зираттарды бүлдірген екі ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталушылар металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізу үшін зираттарды бүлдіріп келген.

«Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы Степное ауылында тұратын М. есімді азамат қылмыстық әрекетін ойластырған соң танысы У-мен сөз байласады. Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде тұратын оған жоспарының бүге-шігесін түсіндірген соң екеуі іске кіріскен. Айыпталушылар бір айдың ішінде қаладағы 7 зиратты бүлдірген», - делінген ақпаратта.

Сот отырысында ер адамдарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 314-бабы (топ болып алдын ала сөз байласып, жерлеу орындарын бірнеше рет бүлдіру және қорлау) және 188-бабы (ұрлық) бойынша айып тағылды. Сотталушылар өз кінәларын толықтай мойындаған. Сот шешімімен олар төрт жылға бас бостандығынан шектелді.

Еске салсақ, Өскеменде зираттарды бүлдірген екі ер адам ұсталғанын хабарлаған едік.