Өскемендегі әскери бөлімде егіздер алғашқылардың бірі болып дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы сайлау учаскелерінің басым бөлігі таңғы сағат 7:00-де ашылуға дайындалып жатқанда, әскери бөлімдердегі жабық учаскелерде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру басталып кетті. Өскеменде таңғы сағат 6:00-де дауыс беруге алғашқылардың бірі болып мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар келді.

Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің аумағында орналасқан №121 сайлау учаскесінде 600-ден астам әскери қызметші өз таңдауын жасайды. Алғаш болып бюллетень салғандар – Алматы облысының Қарабұлақ ауылынан шақырылған егіз сарбаздар Виктор мен Михаил Брицкий. Олар 6699 әскери бөлімінде қызмет етіп жүр.

Егіздер үшін бұл сайлау әскери қызметтің басталуымен тұспа-тұс келді. Олар бір айдан астам уақыт жас сарбаздар курсынан өтіп, әскери жарғыларды үйренген. Осыдан бір апта бұрын ғана әскери ант қабылдаған. Алда Виктор мен Михаилді Өскемен гарнизонындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттері күтіп тұр.

– Бір апта бұрын ғана бауырым екеуміз әскери ант қабылдадық, ал бүгін бөлімде сайлауда алғашқылардың бірі болып дауыс бердік. Бауырым екеуміз өмір бойы бәрін бірге істеуге үйренгенбіз. Бөлімде бәрі нақты ұйымдастырылған. Біз үшін сайлауға қатысу өте маңызды, – деді Виктор Брицкий.

Шығыс Қазақстан облысындағы қалған сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де ашылады. Жалпы, дауыс беру күні өңірде 534 учаске жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген.

Еске сала кетейік, бұл сайлауда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттық мандаты үшін 577 кандидат бақ сынап жатыр.