Қазақстан Республикасының Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 23 қаңтарда болған.
– Өскемен гарнизонының бір әскери бөлімінде қарауылдық қызмет кезінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз бекітілген қарудан өзін-өзі атып, алған жарақатынан қаза тапты, - делінген ресми хабарламада.
Қаза тапқан сарбаз 2025 жылғы сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған. Оқиға бойынша Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу Өскемен гарнизонының Әскери прокуратурасының бақылауымен жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның толық себебі мен мән-жайы жарияланбаған.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиғаның объективті және жан-жақты зерттелуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді. Комиссияны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков басқарады.
Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер қаза тапқан сарбаздың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оларға барлық қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
– Әскери қызметшінің отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық көмек көрсетіледі, - деп хабарланды ведомстводан.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза тауып, сол оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.