Өскемендегі экологиялық жоба халықаралық сыйлыққа ие болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығы» әлеуметтік жобасы халықаралық EIFL сыйлығының жеңімпазы атанды.

Фото: О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана

Кітапхананың балалар экозертханасы заманауи цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Балалар өз зерттеуінде электронды микроскопты, «Жас эколог» құрылғысын, су, ауа, топырақ көрсеткіштерін зерттеуге арналған жиынтықты, 3D принтерді және интерактивті панельді пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

«Жұрттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған тың бағдарлама аясында заманауи цифрлық эко-зертхана құрылған болатын. Қазіргі уақытта экологиялық білім берудегі түрлі мәселелерді шешуде цифрлық және медиа сауаттылықтың ерекше орын алатыны сөзсіз. Халықаралық сарапшылар үздіктерді анықтар алдында әр жобаны бүге-шүгесіне дейін зерделеп шыққан. «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығы» жобасы жеңімпаз деп танылған 4 жобаның бірі болды», - дейді О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхана директорының орынбасары Айгүл Ахметжанова.

Фото: О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана

Жас экологтар 3D-принтер арқылы құстардың ұясын, кішкентай жан-жануарларға арналған протездер және өсімдіктерге арналған ыдыстар, экокәдесыйлар басып шығарып жатыр. Өлкетанушы-ғалым Борис Щербаковтың жетекшілігімен оқушылар мен мұғалімдер Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер туралы «ШҚО Қызыл кітабы» электрондық деректер базасын құрған.