Ертіс көпірі – қала бойынша көлік ең көп жүретін өткелдердің бірі. Көлік қозғалысының жиілігіне байланысты мұндағы жол жабыны тез тозады. Коммуналдық қызметтер жолдағы шұңқырларды жамап отырғанымен, көп ұзамай жол жағдайы қайта сын көтермей кетеді.
Бұған дейін қала әкімдігі биыл көпірде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын және нысанға техникалық тексеру жасалғанын мәлімдеген еді. Алайда жобаны іске асыру мерзімі әзірге нақтыланбаған.
– Ертіс көпірін жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі. Алайда оның нақты қашан басталатыны әзірге анықталған жоқ, – деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Жүргізушілердің айтуынша, шұңқырларды жамау арқылы жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары мәселені түбегейлі шешпейді. Қарқынды көлік ағыны жөнделген учаскелерді қысқа уақыт ішінде қайта бүлдіреді.
Сонымен қатар көпірдің асты да абаттандыруды қажет етеді. Бұған дейін бұл аумақта автокөліктердің жүруіне мүмкіндік жасалғанымен, жаяу жүргіншілерге арналған аумақты абаттандыру жұмыстары толық аяқталмаған.
Осылайша, Ертіс арқылы өтетін қаланың басты көпірлерінің бірін күрделі жөндеуден өткізу мерзімі тағы да кейінге қалып отыр. Жөндеу жұмыстарының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде сапасына халық жиі шағымданатын Ертіс көпірінде жөндеу жұмыстары басталатыны жайлы жазғанбыз.