ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өңірдің денсаулық сақтау саласына талдау жүргізіп, медициналық мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Мәселен, бірқатар медициналық мекеме ескі жабдықтарды жаңа ретінде сатып алып отырған.
«Медициналық техникаға қойылатын нормативтік талаптарға сәйкес жабдықтар жаңа, бұған дейін пайдаланылмаған болуы тиіс. Алайда Ана мен бала орталығында және облыстық ауруханада аталған талаптарға сәйкес келмейтін жабдықтар алынған. Мұндай жабдықты қабылдау кейін оның дұрыс жұмыс істемеуіне, ерте тозуына және техникалық ескіруіне әкелуі мүмкін», - дейді облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов.
Сондай-ақ медициналық мекемелер тауар жеткізушілерден жабдықты уақтылы жеткізбегені үшін тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етпеген.
«Мысалы, Күршім аудандық ауруханасына 88,8 млн теңге тұратын маммографиялық цифрлық аппаратты бекітілген жеткізу мерзімінен 34 күн кешіктіріп жеткізген, алайда аурухана басшылығымен 533 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілмеген. Глубокое аудандық ауруханасында да ұқсас жағдай болды. Құны 14,7 млн теңге болатын өкпені жасанды желдету аппараты уақтылы жеткізілмей, 882 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілмеген», - дейді Д.Шакенов.