Өскемендегі Меновное кентінің тұрғындарын жөндеу көрмеген жолдың жайы алаңдатады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Меновное кентінің тұрғындары жол азабын тартып келе жатқандықтарын айтуда. Бұдан бөлек, олар көшелеріндегі жарық шамдарының дұрыс жанбайтынына наразылығын білдірді.
Кент тұрғыны Сайлау Уалиев жергілікті жұртшылық атынан талайды толғандырып жүрген мəселелерді жіпке тізіп берді.
«Орталық көшемен іргелес жатқан көшелердің барлығында дерлік жарық жанбайды. Жол сапасы нашар. Асфальт төселмегендіктен көктем мен күз айларында айналаның бәрі балшық болады. Көлікті қойып, жаяу жүру мүмкін емес. Мəселе мұнымен бітсе игі еді. Алайда бұдан басқа да түйткілдер толып жатыр, - деді ол.
Тұрғын өз сөзінде кент көшелерінде қоқыстың жиналмай шашылып жататынын, оған қоса топтасып көше кезіп жүретін қаңыбас иттердің көп екенін жеткізді. Меновное жұртшылығы жоғарыда айтылған мәселелердің оң шешімін табуын тілейді.
Осы ретте, қала әкімдігіне хабарласып, халықтың шағымына жауап алып көрдік.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен былтыр қаражат бөлініп, кенттегі Юбилейная көшесіндегі 849, 5 метр жолға асфальт төселді. Ал 2024 жылы Меновное кентіне көше жолдарын орташа жөндеуге қаржы бөлінбеді. Осы жылы кент көшелеріне жарық шамдарын орнату қарастырылмаған. Жарықтандыру жұмыстарын іске асыру үшін тұрғындар Өскемен қаласы әкімі аппаратының сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» бөліміне өтінім қалдыру қажет. Өтінім жауабы жоғарыдағы көрсетілген сайтта жарияланады, - деді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашалығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.
Оның айтуынша, жеке тұрғын үй секторында халық қоқысты арнайы шелектерге тастайды. Өрт қаупі туындамас үшін қоқыс контейнерлері қойылмайды.
«Қоқысты шығаруға арналған шарттар жасасу әрбір тұрғын үй иелерімен жеке-жеке жүргізіледі. Шарт жасасу үшін азаматтар арнайы мамандандандырылған ұйымға жүгінуі қажет. Қоқыс шығаруға жауапты ұйым – «Өскемен Тазалық» ЖШС. Қатты тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығару бойынша тұрғындармен күнделікті жұмыстар жүргізіледі. Қойылған қоқыс контейнерлері толып кету фактілері анықталған жағдайда, алдымен фототүсірілім жүргізіліп, кейіннен арнайы мобильді қосымшадағы топқа жіберіледі», - деді Р.Шерубаев.