Өскемендегі зиянды түтін туралы видеодан соң тексеру жүргізілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы зауыттан зиянды заттардың көп мөлшерде шығарылғаны жайлы ақпараттан соң тексеру жүргізілгенімен, ауадағы ластаушы заттардың рұқсат етілген шектен аспағаны анықталды.
Кешелі бері әлеуметтік желіде қаладағы Титан-магний комбинатының маңында түсірілген видео тарап кетті. Онда зауыттан апатты деңгейде зиянды заттардың шығарылып, ауаны ластап жатқаны айтылған.
— Біздің мамандар бірден сол жерге барып, атмосфералық ауаның сапасына аспаптық өлшеулер жүргізді. Нәтижесінде, ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу дерегі тіркелген жоқ. — деп хабарлады ШҚО Экология департаментінен.
Ведомство дерегінше, өлшеу жұмыстарының нәтижелеріне ауа райы жағдайлары, нақты айтқанда, шығарындылардың таралуына ықпал еткен желдің жылдамдығы мен бағыты әсер етуі мүмкін.
— Зауыт тарапынан да зиянды шығарындылардың апатты деңгейде таралуына қатысты қандай да бір ақпарат келіп түспеді. Біз жағдайды бақылауды жалғастырамыз және қажет болса қолданыстағы заңнама аясында қосымша шаралар қабылдаймыз, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Өскемен тұрғындары ауада химиялық иіс сезілетінін айтып шағымданғаны жайлы жазғанбыз.