Өскемендегі акция: қағаз өткізіп, орнына көшет ал

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде арнайы акция ұйымдастырылмақ. Оның барысында қағаз қалдықтарын өткізгендерге көшет беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық аспан» компаниясы қолға алған акция жазда басталады. Алайда, қағаз қалдықтарын қазірден бастап қабылдауда. Акцияға қатысушы түбіртек бойынша таңдаған көшетін кез келген уақытта алады.

«Қағаз қалдықтарын өткізген әр тұрғынға белгілі бір сомадағы түбіртек беріледі. Ол сома өткізген қағаздың көлеміне байланысты. Қағазды қазір өткізгендер акция басталғанша түбіртекті сақтап қоюы қажет. Көшет соның негізінде беріледі» - дейді компания басшысы Берік Ақтайлақов.

Акция үшін балқарағай, сағызқарағай, шырша, арша, қызыл емен, жөке, өрік, үшқат, қарақат ағаштарының көшеттері бөлінбек.

Биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін бір көшет алу үшін 20 келі қағаз қалдығын өткізу қажет.

«Көшеттерді жергілікті тәлімбақтардан сатып аламыз. Осылайша отандық ағаш өсірушілерді қолдаймыз, әрі қаламызды жасылдандыра түсеміз. Қазір мектептер мен балабақшаларды, өзге де мекемелерді әріптестік орнтауға шақырып жатырмыз. Қала халқы бұл акцияны қолдап жатса, жыл сайын өткізуіміз мүмкін» - дейді Берік Ақтайлақов.