Өскемендегі Достық үйінің ұжымы Металлургтер сарайына көшеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемендегі іргелі ғимараттардың бірі саналатын Металлургтер мәдениет сарайы «Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының» ұжымына беріледі. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Өскеменде өткен гала-концертте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2015 жылдың сәуір айында Өскемен қаласында Елбасының қатысуымен облыстық Драма театрдың жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылған болатын. Ал театр ұжымы ол уақытқа дейін отырған Жамбыл атындағы Драма театрдың бұрынғы ғимараты «Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының» ұжымына берілген. Этномәдени бірлестіктер аталған ғимаратта көп тұрақтамайтын сыңайлы. Бүгін Даниал Ахметов ұжымға Металлургтер мәдениет сарайының ғимараты берілетінін хабарлады.

«Біз, ең алғашқы Достық үйінің Шығыста ашылғанын әрқашан мақтан тұтамыз.  Оның басты мақсаты да, міндеті де ұлттардың тілін, мәдениетін жаңғырту, этносаралық келісім дәстүрлерін сақтау болып табылады. Киелі шаңыраққа биыл 25 жыл толып отыр. Бұл өңір  халқы үшін зор қуаныш, мерейлі мереке. Осындай қуанышты күнде сіздер көптен күткен сыйлықты табыс етеміз. Енді Металлургтер мәдениет сарайының ғимараты сіздердің еншілеріңізге беріледі, - деп құттықтады ұжымды ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Өңір басшысы ширек ғасыр бойы өңірдегі бірлікке ұйытқы болған орталықтың сан ұлттың қасиетті қара шаңырағына айналуына аянбай үлес қосқан барлық этнос өкілдерінің еңбегі зор екенін ерекше атап өтті.