Өскемендегі көпірдің құлауына қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Ертіс өзеніндегі көпірдің ескі бөлігі құлауына қатысты облыстық прокуратура ҚР ҚК 277-бабы бойынша (тау және құрылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадағалау органы оқиғаның нақты себептері мен жөндеу жұмыстарына жауапты тұлғалардың кінәсін анықтау үшін шаралар кешені жүріп жатқанын баса айтып өтті. Әзірге көліктер мен жаяу жүргіншілер өтіп жатқан жаңа көпір конструкциясында да ақау бар деуге еш негіз жоқ. Оқиға ШҚО прокуроры Бағбан Тайымбетовтың ерекше бақылауына алынды.

Еске сала кетсек, бүгін 09:41-де жөндеу жұмыстары уақытында көпір аралығының конструкциясы сол жаққа қарай қисайып, салдарынан көпірдің ескі бөлігі құлады. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқандықтан, ондағы көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы тоқтап тұрған.

Оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Тек көпір құрылысымен айналысатын ұйымның екі жұмысшысы көпірдің қисайған бөлігінде қалып қойды. Тағы бір жұмысшының аяғына зақым келді.

Оқиға орнында авариялық құтқару жасағы, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстар қызметі» құтқарушылары жұмыс жүргізуде. Құтқарушылар арқанның көмегімен 2 ер адамға жерге түсуіне көмектесті және олардың өміріне төнген еш қауіп жоқ.