ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары кезінде ерекше қажеттіліктері бар балалар оқитын білім ордаларына баса назар аударылмақ.
«Мәселен, инклюзивті білім беретін мектеп-интернат жөнделіп жатыр. Себебі балаларға оқуға ғана емес, сол жерде тұру үшін де қолайлы жағдай жасау қажет. Бұдан бөлек, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №62 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған», - делінген хабарламада.
Жалпы, бағдарлама шеңберінде шаһардың 17 мектебі мен 7 балабақшасы жөнделеді. Сондай-ақ Жас техниктер стансасының ғимаратында да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.