Өскемендегі жер үйлердің бір бөлігі орталықтандырылған жылу желісіне қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев Өскеменнің ауасын ластайтын негізгі кәсіпорындарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өскемен қаласы бойынша 2022 жылы атмосфералық ауаға шығарындылардың жалпы көлемі 44 мың тонна болды.

Негізгі үлес Өскемен металлургия кешеніне, Титан-магний комбинатына, 42 мың тонна нақты шығарындылары бар Өскемен жылу-электр орталығына тиесілі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, ол осы өңірге арнап жасалған жол картасындағы 34 іс-шараны іске асыру арқылы эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін қысқартуға болатынын айтады.

«Казцинк» ЖШС-не тиесілі Өскемен металлургиялық кешенінде күкірт диоксиді шығарындыларын 2,2 мың тоннаға төмендету үшін газ тазартатын 4 қосымша қондырғы салу көзделген.

Қаладағы жылу қазандықтарының жабдықтарын, инженерлік желілерді, шаруашылық және нөсер ағындарын тазарту құрылыстарын салып, қолданыстағылары реконструкциялау және жөндеу жоспарланған.

Жеке сектор үйлерін орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосу көзделіп отыр», - деді Айдар Абдуалиев.